Тұлға... Б. Момышұлының Қазақ ССР Компартия хатшысы М.Әбідхалықовқа жазған хатынан...
Осы кезде қаладағы қазақ ұл-қыздарының төрттен үшінен көбі орыс мектептерінде оқығандықтан, ана тілден хабарсыз жастар өсуі молайып келе жатыр. Олардың ата-аналары орыс мектебінде оқытуға мүлде әуес-ақ. Қазақ мектебін менсінбейтіндер де екеудің бірі болғандықтан, барлық қазақ ұл-қыздары әкімшілік ретінде ғылым алатын болуы қажет. Он шақты жылдан кейін жас қазақтарға қазақтармен сөйлесуге тілмаш керек болуы тарихи масқаралық болар. Өзіміз орысшаны қазақ мектебінде жүріп-ақ үйренгенбіз, ондай шара қолдануда орысшадан құры қаларлық ешқандай қауіп жоқ. Қазақ тілінің беделін түсіріп, бұрмалап, бүлдіріп, халықтың халық болуына, ұлттың ұлттық қасиетіне әбден зиян болғандықтан, барлық орыннан тіл құзғындары мен сұңғыттары шүршіт болып кеткендер бетің бар, жүзің бар демей мейірімсіз түрде масқаралана қуылып, қолдарына таяқ ұстатып, қой бақтырған көп олжа болар еді.
Мен әскери адаммын, тіл мәселесі туралы араласарлық жөнім жоқ сияқты, бірақ та айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу салт-сана, ел намысы, ер намысы, адамгершілік арына, жауынгерлік мұра дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп біліп, сезе тұра айтпағанымды өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінгендігімнен жазып отырмын.
Хикмет...Өзін иландыру (Самовнушение)
Еуропаның пойыздарының бірінде бір купеде екі жолаушы келе жатады. Бірі арық, екіншісі толық денелі. Арығы жаурай бастағанында «ыстық» деп жазылған түймешені басады. Сәлден соң арық адам жылынып, толық адам терлей бастайды. Одан кейін толық кісі де барып «суық» деп жазылған түймешені басады. Әп сәтте мұның терісі құрғап, ал арық адам жаурай бастайды. Содан араларында келіспеушілік шығып, екеуі жолсерікке (проводникке) жағдайды айтып шағымданады. Жолсерік: «Босқа ұрысып жатырсыңдар, поездің салқындатып-жылытатын құралы бұзылып қалған, істемейді!» дейді.