Ғұлама... Ибн Абидин
Ибн Абидин – Шам қаласынан шыққан ұлы ғалым, әулие. Ең мәшһүр фиқһ ғалымы. Негізгі аты Сәйид Мұхаммед Әмин бин Омар бин Абдулазиз. 1784 жылы (х. 1198) Шамда туылып, 1836 жылы (х. 1252) Шамда қайтыс болған. Ибн Абидин жастайынан Құран кәрімді жатқа білген. Сол заманның мәшһүр ғалымы Сәйид Мұхаммед Шакир Салимиден дәріс алған. Жаратылыстану ғылымдарымен қатар тәфсир, хадис және фиқһ ғылымдарын үйренді. Зихири ғылымдарды үйренгеннен кейін заманының ұлы ғалымы Мәулана Халид Бағдадиден кәлам және тасаууф ғылымдарын үйреніп, оның сұхбатымен кемелденді. Баласы Алауддин Мұхаммед былай деген: «Әкем уақытының барлығын ғылым үйрену, шәкірт жетілдіру және ғибадатпен өткізетін. Түндерде кітап жазатын, аз ұйықтайтын. Күндіздері дәріс беретін, сұрақтарға жауап (фәтуа) беретін. Адамдарға пайдалы болуға тырысатын, мүлдем дәретсіз жүрмейтін, уақытын бос өткізбейтін.» Ибн Абидин хазреттері харам, мәкрух атаулыдан үзілді-кесілді ұзақ тұратын, ғибадаттардың сүннеттері мен мүстаһабтарына жіті мән беретін. Бес уақыт намазда әттәхият оқығанда пайғамбарымызды көретін. Көрмеген жағдайда ол намазды қайта оқитын. Идн Ибидин хазреттерінің ең мәшһүр еңбегі «Рәддул-Мухтар» кітабы. Осы кітабымен танымал болған. Бұл кітап «Дуррул-Мухтар» кітабына жасаған 5 томдық түсініктемесі. Бұл кітабы Ханафи мазһабындағы фиқһ кітаптарының ең құндысы және ең пайдалысы. Ханафи мазһабының өз заманына дейін жазылған фиқһ кітаптарының жиынтығы, мазмұны іспеттес болды.