Мақала... Зымыраған уақыт
Өміріміздің бір жылы тағы өтті. Қабір өміріне бір қадам тағы жақындадық деуге болады. Келер жылдың осы жылдан айырмашылығы тек күнтізбе беттерін ауыстырумен шектелмеуі керек. Керіде қалған және қайтып келмейтін бір жылдың есебін жасауымыз керек. Үш түрлі өмір бар. Дүние, қабір және ахирет өмірі. Бұлардың ең қысқасы – дүние өмірі. Ең маңызды болғаны да осы. Өйткені дүниеде амал бар, есеп жоқ, ал ахиретте есеп бар амал болмайды. Адам үш өмірін де осында жақсарта алады. Сондықтан өткізген әрбір жылдың, әрбір күннің, тіпті әрбір сәттің қадірін ұғынып, жақсы түрде, яғни жақсы амалмен өткізуге тырысу қажет.
Өткен жылы игі, пайдалы амалдар жасаған болсақ, келер жылы мұны арттыруға тырысайық. Қателерімізді анықтап, келер жылы мұны қайталауға жол бермейік. Жаңа жылды осылай өзіңді есепке тартып, бойды түзеп қарсы алу керек. Әйтпесе арақ ішу және т.б. күнәлар жасау мәре емес. Өзге діннің діни рәсімдері саналатын нәрселерді жасау тіптен дұрыс емес. Христиандар өз діни мерекесі болып саналатын «рождествоны» тойлайды. Бірақ мұсылмандардың осы христиан мерекесіне тән болған рәсімдерді жасауы дұрыс болмайды. Сондықтан, ысырапшылықтан, мұсылмандыққа қайшы іс-әрекеттен сақтанған жөн. Құнды болған уақытымызды жақсы түрде, игі амалдармен өткізуге тырысайық.