Жұма сұхбаты... Алтын насихаттар!
Құран кәрімнің «Кәһф» сүресінде Мұса алейһиссалам мен Хызыр (Қыдыр) алейһиссаламның бірге шыққан ғибратқа толы саяхаттары баяндалған.
Исмаил Хаққы Бурсауи хазреттің «Рух-ул-баян» тәфсирінде бұл аяти карима былайша тәфсир етілген:
Бұл екі мүбәрәк кісі бір қалаға келеді. Алдарынан құлайын деп тұрған бір қабырға шығады. Хызыр алейһиссалам өз қолымен қабырғаны жөндеп қояды. Себебін былай түсіндіреді: «Бұл дуал екі жетім баланың мүлкі. Дуалдың түбінде қазына бар. Егер түзетпей кетіп қалсақ, қабырға құлайтын еді, ал астындағы қазынаны біреулер тауып алатын еді. Ол екі жетім баланың әкесі салих кісі еді. Әкелері салих кісі болғандықтан, Раббымыз оларға жанашыр болып, бұл қабырғаны маған жөндеп қоюымды бұйырды».
Жоғарыда аталған тәфсирде ол қазынаның жазуы бар алтын тақта екендігі жазылған. Ол тақтада Бисмиллаһтан кейін мына жеті насихат жазылған:
1) «Тағдырға, барлық нәрсе Аллаһтың жазғанымен болатынына иман келтірген адам қалайша мұңаяды?»
2) «Ризықтың әр адамға бөлістірілгеніне сенген адам қалайша ризығын уайымдайды?»
3) «Өмірден өтетініне сенген адам қалайша осыншалықты қысқа, түс сияқты дүние өміріне аса мән береді?»
4) «Жасаған әрбір амалы үшін есепке тартылатынын біле тұра қалайша сол күнге дайындалмайды?»
5) «Тозақтың отыны адамдар мен тастар болатынын біле тұра қалайша күнә істеуден тыйылмайды?»
6) «Жәннаттың шексіз рахаттық пен бақыт орны екенін біле тұра адамдар қалайша оған қауышуға, бұл ниғметтерге қол жеткізуге ұмтылмайды?»
7) «Адам атамыздан бері бізге дұшпан болып келген шайтанды қалайша адамдар өзіне дос қылып, оның айтқанын орындауға тырысады?»