Әдеп-ахлақ... Ұяттың маңызы
Барлық уақытта, барлық жерде әдепті, ұятты болуға тырысу керек! Хадис шәрифте: «Ұятсыздық адамды күпірге түсіреді» делінген. Ұят ғимаратты ұстап тұратын тірек тәрізді. Тірексіз ғимараттың тұруы қиын болғанындай, ұятсыз адамның иманын қорғауы да қиын болады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Аллаһу та’аладан ұялыңдар! Аллаһтан ұялған адам, жаман ойдан алыс тұрады, асқазанына түскендерді қадағалайды, өлімді еске алады». (Тирмизи)
«Ұяттылық – бастан-аяқ (толығымен) жақсылық». (Мүслим)
«Ұятсыз адам үнемі жамандық жасайды». (Ибн Мажә)
«Ұятсыз адам аманатқа қиянат етеді, қиянатшыл болады, мейірім сезімі қалмайды, діннен алыстайды, лағынетке ұшырайды, шайтан секілді болады». (Дәйләми)
«Ұят пен иман егіз бауырдай. Бірі кетсе екіншісі де кетеді». (Әбу Нуайм)
«Мүмин айыптамайды, лағынет етпейді, жаман сөз айтпайды және ұятсыз емес». (Тирмизи)
«Адам салих екі көршісінен ұялғанындай күндіз-түні өзімен бірге болған жанындағы екі періштеден де ұялуы тиіс». (Бәйһақи)
Дінімізде ұятың орны өте маңызды. Аллаһу та’аладан ұялу иманның қуатты екендігінің, ал ұятсыздық иманның әлсіз екендігінің белгісі. Ұяты бар адам Аллаһтан ұялғаны үшін күнәдан тартынады. Адамдардан ұялмаған адам Аллаһтан да ұялмайды. Адамдардан ұялып күнәсін жасыру да ұяттылықтан саналады. Адамдардан ұялған адамның Аллаһу та’аладан да ұялатыны түсініледі. Өйткені хадис шәрифте «Аллаһтан қысылған адамдардан да қысылады» делінген. Ұятсыз адамның адамгершілігі қалмайды.