Рамазан сұхбаты... Дүмшелер оразаны «бұзады» (2)
Дәрет алып болғаннан кейін ауызда қалған ылғалды жұту мен мұрынға немесе ауызға тамызатын дәріні жұтуды салыстыруға болмайды. Өйткені дәрет алу – қажеттілік болып табылады. Дәрі де қажеттілік дейтін болса, ораза ұстай алмайтындай дәрежеде ауру болғандарға ораза ұстамауға рұқсат берілген. Ауруынан сауыққаннан кейін ұстайды. Дүмшелердің айтқанындай: «Дәрімді де қабылдай беремін, оразамды да ұстай беремін» деп айту – үлкен қателік.
Төрт мазһабта және бүкіл мүжтәһид имамдардың айтуынша, жараға жағылған май (мазь) ішке сіңіп жауфқа, яғни асқазанға дейін баратын болса ораза бұзылады. Шафии мазһабында ми, іш, бауыр, қуық – жауф болып саналады. Мысалы, бас сүйегі жарылса, мұндағы жараға жағылатын май миға баратындықтан ораза бұзылады.
Шафии мазһабында ішке пышақ кірсе, пышақтың ұшы асқазанға, яғни жауфқа кіргендіктен ораза бұзылады. Сау теріден пышақ кіргенде ораза бұзылғаны сияқты, ине (укол) арқылы бұлшық етті немесе тамырды тесіп берілетін дәрі де жауфқа барғанда ораза бұзылады. Қазір медицинада телудің (прививка) қуыққа, миға және дененің барлық ағзасына баратындығы нақты белгілі. Олай болса укол алу төрт мазһабта да оразаны бұзады. Тек қазасын ұстап беру керек болады. Медицина тамырдан немесе бұлшық еттен берілетін дәрінің миға және қуыққа баратынын айтып тұрғанда «уколмен егілген дәрі ми немесе қуыққа бармайды» деп ешкім айта алмайды. Айтса да ғылыми дәлелсіз, өз ойынан шығарған болады. (Жоғарыда жазылған Ханафи мазһабына қатысты мәліметтер Тахтауи, Мәбсут, Бәдаи және сол сияқты кітаптардан алынған. Шафии мазһабына қатысты мәліметтер Маджму, Муғнил-мухтадж, Тухфа, Әнуар, Куммәсра, Баджури, Шәрхи ибни Баджури сияқты сенімді кітаптардан алынған).