Сұхбат... Асығу (2)
Асыққан адам үмітсіздікке түседі. Яғни әлсіздік пен жабырқаңқылық пайда болады. Бір жақсы амалды орындауға асыққан адам кешігетін болса, үмітсіздікке түседі. Дұға етеді, дұғасының дереу қабыл болуын қалайды. Дұғасы кешігетін болса, дұға етуді тоқтатады, дұғада сұраған нәрсесінен мақұрым қалады. Асыққан адамның ықыласы, тақуалығы бұзылуы мүмкін. Күмәнді нәрселерге, тіпті харамдарға салынып кетуі мүмкін.
Намаз оқығанда асыққан адам тадили әрканды тәрк етуі мүмкін. Тез оқыған кезде тәжуидке сай болмай, қате оқып кетуі мүмкін. Осы себептен салмақты болу, әр істі ойланып істеу керек. Салихтарға тән қасиет Құран кәрімде былай білдірілген:
«Олар Аллаһқа және ахиретке сенеді, жақсылықты бұйырып, жамандықтан бас тартқызуға тырысады, жақсы амалдарда бір-бірімен жарысады. Міне осындай адамдар – салихтар қатарынан». (Али Имран 114)
Осындай жақсы амалдарды істеуден басқа асығушылық дұрыс емес. Ойланып әрекет ету және жақсы амалдарда табандылық көрсету керек.
Хадис шәрифтерде былай делінді:
«Салмақты, жұмсақ адам болу – Аллаһтың пендесіне берген үлкен сыйы. Асығушы болу – шайтанның жолы. Аллаһу та'ала жақсы көретін нәрсе – жұмсақ және салмақты болу». (Әбу Яла)
«Өлмей тұрып тәубе етіңдер! Жақсы амалдарды орындауға бөгет шықпай тұрғанда орындауға асығыңдар! Осылайша Раббыларыңның ризықтарына және жәрдеміне қауышыңдар!» (Ибн Мажа)
«Садақа беруге асығыңдар, өйткені пәлекет садақадан өте алмайды». (Бәйһақи)
«Діндарлығы, мінезі саған ұнайтын бір адам қызыңды сұрап келсе, дереу үйлендір! Егер үйлендірмесең, фитна және бүлікке себеп боласың» делінген. (Тирмизи)