Мақала... Жүректің тазартқышы
Сопылық сенім бойынша Аллаһу та’аланың есімдерін зікір ету көңілдің кірін тазалайды. Жүректің көзін бітеген күнәнің қара тотын зікірмен тазалап кетіреді. Оған «Барлық заттың тазаратқышы бар. Жүректің тазартқышы – Аллаһты зікір ету» деген пайғамбар хадисін негіз етті. Зікірден ғапыл момынның көңіл айнасын шаң басып, ақиқатты айыруы қиындайды. Бұл ойды Мәулана Руми әдемі береді. «Әй, адам, түр-тұрпатың сом темірден сомдалған пұт сияқты. Бірақ оған мән берме. Жүрегің ақ айнадай тазарып, айналасын анық көрсеткенше ысқылай бер, ысқылай бер, ысқылай бер! Көңілдің айнасы тот басқан темірдің тотын емес, әппақ күмістің көркемдігін көрсетсін. Тотыққан темір сәуле шашпайды. Бетін ысқылап, егесең тоты кетіп тазарады. Тазарса жарқырайды. Қарасаң түрің көрінеді. Пенденің топырақтан мүсінделген кірпіш тәні темір сияқты қара дүрсін дөрекі келеді. Сонда да қол қусырып отырма. Тәніңді ысқылап егей бер. Әбден қашалып, ысылғанда ішінде құпия жатқан періштенің сипаты көрінеді. Мынаны қаперден шығарма. Раббым ақылыңды жаратып өсіретін ілім берді. Таза ақылмен жүрегіңді жарқыратып нұрландыр. Құлшылығың болмаса тоттан тазара алмайсың. Құр босқа құмарлықтың аранын аша түсесің. Құмарлықты ерттеп мінсең жүрегіңді тазалауға жол ашылады. Әлемнің ең мөлдір айнасына айналған «сом темірдің» бетінен дүниедегі барлық жаратылысты көруге болады. Көңіл айнасын тот басып шіріп кетсе, «әлемге зұлымдық таратушы» деген Құран аятының мәні ашыла түседі». Сопылар бұл идеяны Құранның мына аятынан алып дамытқан. «Керексіз кәсіптен олардың жүрегін қара тот басты». Абай «Қара тот» ұғымын қазақ тіліне «қараңғылық пердесі» деп аударған.
«Наданның көңілін басып тұр,
Қараңғылық пердесі.
Ақылдан бойы қашық тұр,
Ойында бірақ шаруасы.
Жүректе айна жоқ болса,
Сөз болмайды өңгесі.
Тыңдағыш қанша көп болса,
Сөз ұғарлық кем ісі».
Ал Шәкәрім қажы аяттағы «ран» деген араб сөзін «тот» деп тура мағынасына аударған.
«Бар ма маған бір сын деп,
Ұстағаным қай дін деп.
Ойламайды кіммін деп,
Жүрегінің тоты бар».
@otbasyhrestomatiasy