Мақала... Пирамидалар (2)
Кей ғалымдар бұл көзқарасты сынға алған. Ол кездегі аймақтың мұншалықты жұмысшыны, ұзақ уақыт асырай алмайтындығын, өте қарапайым әдіспен және өте аз жұмысшы күшімен жасалған болуы керектігін тұжырымдайды.
Пирамидаларға қатысты қорқыныш фильмдеріндегі тылсым күштер секілді тақырыптар күлкінішті нәрсе. Әсіресе бұл пирамидаларды өзге планетадан келген келімсектердің жасағандығы пікірі жай ғана қиял туындысынан өзге нәрсе емес. Әйтсе де бірнеше жыл бұрын Америкада пирамидаларға қатысты осындай ерсі пікірлер кеңінен тарап, модаға айналғандығы бар. Сонау Мысырдағы бұл ғажайып құрылыстардың аңыз күштері бар болса да, одан америкалықтарға не пайда деуіміз мүмкін. Алайда бұлар оңай жолын тапқан көрінеді. Кімдер дейсіз ғой. Әрине әр модадан ақша табуға дағдыланған америкалық бизнесмендер. Көптеген фирмалар пайда болып, әртүрлі көлемде пирамида ойыншықтар, құтылар, каркастар жасап шығарады. Бұларды дүкендерде, сондай-ақ газеттен берген жарнамалары арқылы сата бастайды. Бір фирманың өзі қымбат, яғни 30 долларлық пирамидаларынан 238 000 мың данасын сатқан екен. Ендігі бұлардың жарнамалаған пайдаларын атап өтейік. Бұл пирамида пішінді ойыншықтардың астына ұстараны қойса өткір болып шығадымыс, азық-түліктерді балғындатадымыс, темекінің қаттылығын кетіредіміс, микробтан суды тазалайдымыс т.б. Тіпті пирамида пішінді ойыншықтармен емдейтін бақсылар да шыққан көрінеді. Америкалықтардың қатты сенгіштігі ме, долларларының бетінде де пирамида суреті бар. Бәлкім құнын жоғалтпасын деген сеніммен қойған болса керек.