Сұхбат... Пәлекеттерден құтылу үшін дұға
Сұрақ: Зілзала, өрт сияқты тілсіз жаулардан және бәле-қазадан сақтану үшін қандай дұғаларды оқу керек?
Жауап: Көптеген дұғалар бар. Бірнешесі мыналар:
«Әузу би-кәлиматиллаһиттаммати мин шәрри кулли шәйтанин уә хамматин уә мин шәрри кулли айнин ламмәтин» дұғасы, әр күні таңертең және кешке үш реттен оқылып, өзінің үстіне немесе қасындағылардың үстіне үрленсе, көз тиюден және шайтанның және жануарлардың зиянынан қорғайды. (Мәуахиби ләдунния)
Біреуге оқып жатқанда «Әузу» дегеннің орнына «Әузукә» делінеді. Екі адамға оқып жатқанда «Әузукума», екіден көп адамға оқылып жатқанда «Әузукум» деп айту керек. «Жұма намазынан кейін жеті реттен «Ихлас» және «Муауизәтәйн» (Фалақ пен Нас) сүрелерін оқыған адамды Аллаһу та’ала бір апта бәле-жаладан және жамандықтан сақтайды». (Тәрғиб-ус салат)
Имам Раббани хазрет сапарға кетіп бара жатып түнде бір керуен сарайға түнейді. Ол шәкірттеріне: «Бұл түні сарайда бір пәлекет болады. «Бисмиллаһилләзи ла-йадурру ма-асмиһи шәйун филәрди уәла фиссәмаи уә һуәс-сәмиулалим» дұғасын оқыңдар» дейді. Түнде өрт шығады. Бұл хабарды естімеген бөлмелердегі кісілердің заттарының барлығы жанып кетеді. Дұғаны оқығандарға ешнәрсе болмайды. (Умдәт-ул-Ислам)
Көп истиғфар ету керек. Бір хадис шәрифте: «Истиғфарды жалғастырған, көп оқыған адамды Аллаһу та’ала дерттерден, қиыншылықтардан құтқарады. Оны еш ойламаған жерден ризықтандырады» делінген. (Нәсаи)
«Әстағфируллаһ әл азим әлләзи ла илаһа илла һуәррахмануррахим әл-хайй-ул-қаййумулләзи ла-йамуту уә әтубу иләйһ Раббиғфир ли» истиғфарын 25 рет оқыған адамның бөлмесінде, жанұясында, үйінде және қаласында ешқандай пәлекет болмайды. (Мәариж-ул-хидая)