Untitled Document

Тарих... Қазақ хандығын кімдер басқарды? (1)

 

Тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати еңбектерінде Қазақ хандығы 1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде құрылғанын жазады. Хандықты Әбілқайыр ұлысынан бөлініп шыққан Керей мен Жәнібек сұлтандар құрды. Бастапқыда Шу мен Талас өзендерінің арасында орын тепкен хандық, уақыт өте келе алпауыт мемлекетке айналды. Жалпы, Қазақ хандығын құрылу, өркендеу, жоңғар шапқыншылығы, ыдырау кезеңдеріне бөліп қарастырсақ болады. Әр кезеңде ел басқарған хандар бір-бірінен ерекшеленіп отырды.

КЕРЕЙ ХАН – Қазақ хандығының алғашқы ханы. Ақ Орда ханы Ұрыс ханның шөбересі. Жәнібек ханмен шайбани Әбілқайыр ханнан бөлініп шығып, Дешті Қыпшақ даласында жаңа мемлекеттің негізін қалады.

ЖӘНІБЕК ХАН – Ұрыс ханның шөбересі, Барақ ханның ұлы. Керейден соң хан сайланды. Қазақ руларын Жетісу жерінде бір ту астына жинауға тырысты. Әбілқайыр хан (көшпелі өзбек ханы) қайтыс болғаннан кейін Дешті Қыпшақ даласында үстемдік ете бастады.

БҰРЫНДЫҚ ХАН – Керей ханның ұлы. Сыр бойындағы қалалар үшін күрес жүргізді. Халық арасында Қасым ханның ықпалы зор болғаны үшін, хандықты тастап, Самарқанға көшіп кетті.

ҚАСЫМ ХАН – Жәнібек ханның ұлы. Қасым хан тұсында Қазақ хандығы нығая түсті. Халық саны 1 миллионнан асты. Мұхаммед Шайбаниге қарсы бірнеше ұрыстарда жеңіске жетті. Ташкентке дейінгі жерлерді Қазақ хандығына қосты. Хандықты Еділ өзеніне дейін ұзартты.

«Қасым ханның қасқа жолы» заңдар жинағын шығарды.

МАМАШ ХАН – Қасым ханның ұлы. Мамаш хан тұсында Қазақ хандығының уақытша әлсіреуі бастау алды. Өзі ішкі талас-тартыс себебінен қайтыс болды.

ТАХИР ХАН – Жәнібек ханның немересі. Тахир хан тұсында хандықтың әлсіреуі жалғасын тапты. Қазақ хандығының оңтүстік, солтүстік-батыстағы біраз жерді уысынан шығарып алды.

АХМЕТ ХАН – Жәнібек ханның немересі. Ахмет хан тұсында Қазақ хандығын бір мезгілде бірнеше хан билей бастады. Өзі хандықтың батыс бөлігінде үстемдік етті. Ноғай хандығымен болған соғыста қаза тапты.

(жалғасы ертең...)




<АлдыңғыКелесі>
ДсСсСрБсЖмСнЖк
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031