Untitled Document

Өлең... БІР АУЫЛ БАР

Шағын ауыл, шаруасы үлкен бірақ та.

Өмір сүріп жатыр күліп, жылап та.

Өмір сүріп жатыр кейде сүрініп,

Кейде тіпті омақаса құлап та.

Малы да бар бұл ауылдың аздаған,

Оты да бар өшіп, кейде маздаған.

Ақыны да бұл ауылдың тірі әлі,

Тек өлеңін компьютерге жазбаған.

Оншақты үйден тұрады рас бұл ауыл,

Түрлі үні бар, тірлігі бар, тірі ауыл.

Сырлы үні бар, сыңғыры бар, бұл ауыл.

Бұл ауылдың біз білмейтін мұңы ауыр.

Және ешкімі жоқ сенетін, көретін.

Жарығы бар жиі-жиі сөнетін.

Сиыры бар мөңіреуді ұмытқан,

Қойы да бар, маңырамай өретін.

Баласы бар, жылап жүріп күлетін,

Данасы бар, білмейтінді білетін.

Санасы бар, адамға емес, ауаға

Ақыл айтып жүретін.

Көп нәрсе бар, бұл ауылда белгісіз,

Араласа, адам тіпті сенгісіз.

Әкім де бар бұл ауылда,

адамға —

Ұқсайтұғын, бірақ адам көргісіз.

Аманкүл ПІШЕНБАЙҚЫЗЫ.




<АлдыңғыКелесі>
ДсСсСрБсЖмСнЖк
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031