Сұхбат... Хазреті Ахмет Яссауи
Қожа Ахмет Яссауи хазрет – Түркістандық ұлы ғұлама, әулие. Әкесі Исфиджабта даңққа бөленген әулие, хазреті Әлидің ұрпағы – Шәйх Ибраһим. Тегі Хазреті Фатима анамызға жанаспағандықтан, ол сәйид емес. Анасы Мұса шәйхтың қызы Айша (Қарашаш ана). Қай жылы туылғаны белгісіз, 1166 ж. Түркістан (Яссы) қаласында қайтыс болған. Әмір Темір қабіріне өте көрнекті кесене салдырған.
Ахмет Яссауидің ұстаздарының көшбасшысы – Арыстан баб. Оған 16 жыл қызмет етіп, одан захир және батын ілімдерінің сыры мен мәнін үйренген. Арыстан баб қайтыс болғаннан кейін Бұхараға барып сол заманғы әһли сүннет ғалымдарының ең үстемі Юсуф Хамаданиге байланып, рухани ілімдерден дәріс алды. Адамдарға ілім үйрету, дұрыс жолды көрсету үшін одан ижазат (диплом) алды. Кейін Яссыға қайтып, шәкірт жетілдірді.
Яссауидің ілім ұясынан жетілген шәкірттері Хорасан, Әзірбайжан, Хижаз және Анадолы өлкелеріне дейін тарады.
Оның «Диуани Хикмет», «Мират ул-Қулуб», «Пақырнама» атты туындылары көне түркі тілінде жазылғандықтан, жергілікті халыққа түсініктілігі арқасында талай мәрте қайта көшіріліп, бірнеше рет басылған. Оның уағыздық өлеңдерінің діни-мистикалық мазмұны ондағы жақсылыққа, әділеттілікке шақырған үнмен ұласады.
Ахмет Яссауи бала кезінен бастап Расулуллаһ алейхиссаламның сүннетіне мойынсұнуға тырысқан. Сол себепті 63 жасқа келгенінде Пайғамбарымыздың осы жасында қайтыс болғанын ойлап, жер бетінде өмір сүруді жөн көрмеді. Жер астына бір бөлме жасатып, өмірінің соңына дейін осы жер асты бөлмесінде шәкірттеріне дәріс беріп, ғибадатпен өткізді. 125 жасында (басқа деректерде 133) жасында қайтыс болған.