Денсаулық... Сізге қандай витамин жетіспейді? (1)
А витамині жетіспегенде тері құрғап, түрлі қабынулар пайда болады. Тамаққа тәбетіңіз болмай, түнге қарай көздің көруі нашарлайды және түйіліп ауыратын болады. Бұл Сіздің тамақ рационыңызда майдың аз болуының белгісі. Артық салмақтан арылу үшін қатаң диета ұстаған адамдарда көбіне витаминнің осы түрі жетіспейді. Себебі диета кезінде адамдар А витамині мен майларды жеуден бас тартады. Ал бұл витаминнің ағзаға майсыз сіңуі мүмкін емес. Мұндай жағдайда көкөністер мен ірімшік қосылған омлет жеген пайдалы. Оның қуаты аз, бірақ май жеткілікті. Сондай-ақ А витамині бауырда, сары майда, жұмыртқаның сарысында, қаймақта, балық майында болады.
Ағзада В витамині жетіспегенде аяғыңыз әлсірейді, есте сақтау қабілетіңіз нашарлайды, аяғыңыз бен қолдарыңыз жиі жансызданатын болады, жүрек шаншиды.
В2 – рибофлавин жетіспегенде тері кедір-бұдырлы болып, безеу, ұшық, сыздауық сияқты жаралар жиі шығады, шаштың өңі кетіп, түсе бастайды.
Жаныңыз күйзеліске түсіп, шаршау байқалса, жиі тұмаурататын болсаңыз, ағзаңызда
ВЗ немесе РР никотин қышқылы жетіспейтіні анық.
Ұйқышылдық басса, басыңыз айналса, тері құрғаса, шашыңыз түссе В6-пиридоксин жетіспейді деп біле беріңіз.
В9 – фолий қышқылы жетіспегенде тістің еті жиі қанайды, асқазан-ішек жолдары қабынады. Сондай-ақ аз уақытта жүдеу мен терінің түсі сарғыш тартуы да витаминнің осы түрінің жетіспеуінен болады.
Қан құрамындағы эритроциттер төмен түссе, тілдің дәм сезуі нашарласа, көп шаршайтын болсаңыз, сонымен қатар ауа райы өзгергенде басыңыз ауыратын болса, денеңізде құмырсқа жүргендей сезінсеңіз сізге В12 – цианокобаламин жетіспейді.