Untitled Document

Сұхбат... Өлімді көп ойлайтын адам қанағатшыл болады

Әр өткен күн бізді өлімге бір қадамға жақындатуда. Адам баласы дүниеге келген күнінен бастап әр сәтте өлімге қарай бағытталуда. Одан қашу мүмкін емес. Бір жерден қашпақшы болған адам бара-бара ол жерден алыстайды. Бірақ өлім ондай емес, қанша қашсақ та, оған қарай жүгіріп бара жатқанымызды күндердің бірінде жақсы түсінген боламыз. Өлімді ойлайтын адам оған дайындығын жасайды. Қабірге түспей тұрып қабірін кеңейтеді, нұрландырады. Өлімді көп ойлайтын кісі бай болса, тәкәппарланбайды, есірмейді, адамдарға жоғарыдан қарамайды. Қолынан келгенше баршаға жақсылық жасайды. Кедей болса, қайғырмайды. Қиыншылықтардың, аурулардың бітетінін және рахаттыққа қауышатынын ойлайды.  

Өлімді ойлайтын адам тәубесін кешіктірмейді. Өлімнің жас-кәрі таңдамайтынын біледі. Қай кезде, қай жерде, қалай келетіні белгісіз. Кейбір адамдар «Пәлен жасқа келген кезде күнәлардан тыйылып тәубеме келемін, қажылыққа барамын, күнә істемей жүремін» дейді. Алайда, ертеңгі күнді көретіні беймәлім. Тіпті, оның кебіні дайын тұрған да болуы мүмкін. Бейшараның хабары да жоқ...

Өлімді ойлайтын адам мейірімді, қамқор болады. Бүкіл жандыларға жанашыр болып, оларға көмектеседі. Бір күні хазреті Айша анамызға (радиаллаһу анһа) бір әйел келеді. Өзінің тас жүрек болғанына шағымданып, құтылудың шарасын сұрайды. Хазреті Айша анамыз «Бұдан құтылудың жолы – өлімді көп ойлау» дейді. Біраз уақыт өткеннен кейін әлгі әйел келіп алғысын айтып, мақсатына жеткенін білдіреді.