Untitled Document

Ғибрат... Сахабалардың өмір сүруі

Сүйікті пайғамбарымыз Мәдинада кезінде Шам қаласынан болған екі поп: «Ақырзаман пайғамбары деген бір кісі, жаңа дін алып келгенін айтып жүр екен. Біз де дін адамымыз. Барып сол дінді зерттеп көрейік. Дұрыс болса қабылдайық. Егер дұрыс болмаса халықты мұндай өтірікші пайғамбардан құтқарайық» деген оймен Мәдинаға келеді.

Бірнеше күн сүйікті пайғамбарымыздың алдына бармайды. Тек айналадағы мұсылман адамдардың қалай өмір сүріп жатқанын, қалай сауда жасайтынын бақылайды. Өйткені олар бұрын көрген, танитын адамдары еді. Мұсылман болғаннан кейін өмірлерінде қандай өзгеріс болғанын байқау үшін олармен араласады. Арадан бірнеше күн өткеннен кейін сүйікті пайғамбарымызбен кездесуді қалайды. Есіктен кірісімен-ақ әлі ештеңе сұрамай тұрып, ештеңе айтпай «Йа расулаллаһ, біз иман еттік, сен хақ пайғамбарсың» дейді. Сүйікті пайғамбарымыз бұған қатты қуанады. Ешқандай муғжиза сұрамай, ешбір сұхбатына қатыспай екі поптың келіп иман келтіріп: «Сен хақ пайғамбарсың!» дегені қатты қуантады. Пайғамбарымыздың көзіне жас келіп, әлгі екі кісіге былай дейді:

– Менен ештеңе сұрамадыңдар, ештеңе үйренбедіңдер, сендердің иман келтірулеріңе не себеп болды?

– Йа Расулаллаһ, біз саған емес, сахабаларыңның өміріне қарадық. Біз олармен бұрындары сауда жасап көргенбіз. Олардың қандай адам екенін жақсы білетінбіз. Бірақ сенің дініңе кіргеннен кейін олар періштедей болыпты. Адамның осыншалықты өзгеруі, адамға тән нәрсе емес, бұл илаһи бір құдірет. Шынымен сен хақ пайғамбарсың. Сахабаларың, мұның ашық дәлелі. Ешбір күмәніміз қалмады. Бір сұрақ қойып қайтамыз. Адам пайғамбардан ислам дініне дейінгі болған бүкіл діндердің негізі не?

– Аллаһ бір. Оның жіберген кітаптары және пайғамбарлары хақ. Ал діннің негізі мынау: «Лә илаһә иллаллаһ, Мухаммәдун расулуллаһ» деп айту.

Пайғамбарымыздың айтқан жауабы ұнайды. Мүбәрәк қолын сүйеді, пұттарын тастап, киімдерін ауыстырады. Сахабаи кирам болып өздерінің Шам қаласына ислам дінін жаюға кетеді. Жақсы ниетпен келгендері үшін, нәтижесі де қайырлы болды.