Untitled Document

Күннің тарихы... Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов

Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов (1871-1927) – қоғам қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі. Бірімжанов Ахмет 1871 жылы бұрынғы Торғай облысы, Торғай уезінде 1871 жылы, 7 желтоқсанда дүниеге келген. 1891 жылы Орынбор гимназиясын, 1899 жылы Қазан университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген. Орынбор, Троицк округтік, Ақтөбе, Торғай, Бұзылық уездік соттарында қызмет атқарған. Халық ортасында әділдігімен көрінген қайраткер Торғай облысынан 1906-1907 жылдары Ресейдің І және ІІ Мемлекеттік Думаларына депутат болып сайланған. Думада ол мұсылман фракциясының белсенді мүшесі болған. Фракция төрағасының орынбасары қызметін атқарған ол ұлт аймақтары мен қазақ халқының мүддесін қорғаған. І Думаның мәжілісінде қазақ депутаттарын аграрлық комиссияға енгізу туралы мәселе қойған. 1906 жылы Қазақ даласына заңсыз орналасушылар мен олардың орынсыз басып алынған жерлері туралы бір топ қайраткерлермен бірге Министрлер кеңесіне сұрау салады. ІІ Думада қазақтың жеріне байланысты нақты мәселе көтеріп, мұсылман фракциясының қатысуымен аграрлық заң жобасын даярлауға қатысқан. Алаш идеясына байланысты ең өзекті жер, мемлекеттік құрылым, жергілікті билеу, сот тәрізді маңызды мәселелерді Дума мінберінен көтере білді. II Бүкілқазак съезінде Алашорданың Ұлт Кеңесінің құрамына сайланады. Сол жылы желтоқсанда Алаш партиясы Торғай облыстық комитетінің 14 мүшесінің бірі. 1920-1926 ж. Орынбор мен Қызылордада Қазақ АКСР Ішкі істер, Заң халық комиссариатында, Жоғарғы Сот Төралқасында кеңесші, алқа мүшесі, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. А.Бірімжанов Алаш партиясының көрнекті қайраткері ретінде оның Жарғысын жасауға да тікелей атсалысты. Ресейдің Санкт-Петербург қаласында 1927 жылы қайтыс болған.