Untitled Document

Тарих... «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»

1723 жылы көктемде жоңғарлардың қалың қолы қазақ даласына 7 түмен (70000) әскермен басып кіреді. Шапқыншылар бейбіт елді қырып-жойып, жері мен мал-мүлкін тартып алуды көздеген еді. Қыстаулары бір-бірінен алшақ орналасқан, қыстан жүдеп шыққан қазақтар қапыда қалып, қырғынға ұшырайды. Ұлы жүз бен Орта жүз Сырдариядан өтіп, Ходжентке, ал Орта жүз руларының көпшілігі Самарқандқа көшеді. Кіші жүз Хиуа мен Бұхараға жылжиды. Кейбір тайпа-рулар Қызылқұм, Қарақұмға өтеді.

Тарихта бұл оқиға «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталады. Шапқыншылықтан, аштықтан қазақ халқы үштен екі бөлігінен айырылды. Осы кезеңдегі халықтың тартқан қасіретінен «Елім-ай» әні өмірге келген.

Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ел-жұртынан айрылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.

Мына заман қай заман, қысқан заман,
Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман.
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.

Сұхбат...Үлгі боларлық намаз

Бір адам Хатим Эсамнан «Қалай намаз оқисың?» деп сұрайды. Ол «Намаз уақыты кіргеннен кейін шын жүрекпен ниет етіп дәрет аламын, жүрекпен тәубе етемін. Сосын мешітке барамын. Масжидул-Харам мен Қағбаны көз алдыма келтіріп,  Мақамы Ибраһимді екі қасымның арасында, жұмақты оң жағымда, тозақты сол жағымда, Сырат көпірін аяғымның астында, Әзірейіл алейһисселамды артымда деп ойлап, жүрегімді Аллаһу Та’алаға арнап, тағзыммен Аллаһу әкбәр деп, құрметпен қиям, айбатпен қырағат, шын пейілмен руку және сәждені, отыруды, шүкіршілікпен сәлемді орындаймын» деп жауап берді.