Untitled Document

Сұхбат... Күлімдеп жүру

Ислам діні – сүйіспеншілік, күлімдеген, жылы жүз, жылы шырай, жылы сөз, адалдық, дұрыстық және жақсылық діні. Мұсылман күлімдеген, жылы жүзді болуы керек. Күлімдеу – ішкі дүниеміздің сыртқа көрініс беруі. Күлімдеген адам басқаларды жылы қабылдайды деген сөз. Күлімдеу – өзара құрметтің, сүйіспеншіліктің кілті. Ол шаршағанның мауқын басады, үмітсізге шаттық сыйлайды. Күлімдеу өздігінен болмайынша ешкімге пайдасы тимейді. Кейбір адамдар қатты шаршағандықтан күлімдей алмайды. Олай болса, оларға сіз күлімдеңіз. Күлімсіреген жүзге ең көп күлімдей алмайтындар мұқтаж. Дінімізде күлімдеу садақа болып саналатыны естен шықпауы тиіс.

Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Мүмин бауырының жанында қабағын түйіп тұратын адамға періштелер лағнет етеді». (Хатиб)

«Жақсылықты күлімдеп жүретін адамдардан сұраңдар». (Бәйһақи)

«Мүмин бауырының бетіне күлімдеп қарау садақа болып табылады». (Ж.Сағир)

«Дін бауырына күлімдеп қарау, жақсы нәрселер үйрету, жамандық жасауының алдын алу – әрбірі жеке-жеке садақа болады». (Тирмизи)

«Мал-мүліктеріңмен елдің бәрін разы қыла алмайсыңдар. Күлімдеген жүз және жылы сөзбен, жақсы мінезбен разы қылуға тырысыңдар!» (Хаким)

«Сәлем бергенде күлімдеген адам садақа сауабын алады». (И.Ә.Дүнийа)

«Қайырды, жақсылықты сұлу жүзділердің жанынан іздеңдер!» (Бұхари)

«Мінезі және жүзі жақсы болған адам дүние және ахирет жақсылығына қауышады». (Ибн Шахин)