Сұхбат... Аз сөйлеудің пайдалары
Сұрақ: Аз сөйлеудің, үндемеудің пайдасы туралы және көп сөйлеудің зияны туралы мәлімет бересіз бе?
Жауап: Пайғамбарымыз «Аз сөйлеу иманнан, көп сөз екі жүзділіктен» деп білдірген.
Тіл – үлкен ниғмет. Жақсылығы да, жамандығы да үлкен. Жәннатқа да, тозаққа да апарады. Көлемі кіші, зардабы үлкен. Адамның иманды немесе имансыз болуы ауыздан шығатын сөздеріне байланысты. Ауыздан шыққан сөз я шындық, я өтірік. Басқа мүшелердің өрісі, ауқымдылығы шектеулі. Құлақ тек естиді, көз тек қана көреді. Ал тілдің өрісі кең. Жақсылық немесе жамандық айту үшін өте кең мүмкіндіктерге ие.
Тіл туралы көптеген хикметті сөздер айтылған:
Адамға келген он пәленің тоғызы – тілден.
Атағыңды өсіретін де, өшіретін де – тіл.
Ауызда жиек жоқ,
Тілде тиек жоқ.
Көнектей басыңа шүмектей тілің жау.
Көп сөйлеу достықты бұзады, қажетсіз сөйлеу айыптарды ашады, ащы сөйлейтіндерден достары қашады.
Үндемеу шаршамастан жасалатын ғибадат, шығынсыз тағылатын әшекей, билікті талап етпейтін дәулет, тау-тастарды қажет етпей салынған қорған, еңбек етпей қол жеткізілген байлық және айыптардың жабылуы.
Патшаның үгіті
Үш патшаның бірі айтады:
«Бүкіл өкініштерім айтқан сөздеріме болды. Айтпаған сөздеріме мүлде өкінбедім».
Екіншісі айтады:
«Айтпаған сөздерімнің иесімін. Бірақ айтқан сөздерімнің тұтқынымын».
Үшіншісі айтады:
«Кейбір сөздерді айтуға күшім жетті, бірақ айтқан сөздерімді қайтарып алуға күшім жетпеді».