Аңыз... Келдібек бидің жар таңдауы
Қаз дауысты Қазыбектің әкесі Келдібек би қыз таңдап, үйленбей біраз жүрсе керек. Содан ойламаған жерде, бір жиында, аяғы ақсақ, көзі қыли жас қызға көңілі ауып, құда түсіп, айттырып алады. Әке –шеше баласының айтқанына келіскенмен, аса қолдай қоймайды. Тіпті әкесі: «Таңдаған тазға жолығадының кебі келді. Сөз байласқан бұрынғы құдалардың бетіне қалай қараймыз?» деп айтып та тастапты.
Қаймағын піскен сүттің алдым қалқып,
Аяғы ақсақ болғанмен, ақылы артық.
Көзі қыли,сөзі мен ісі түзу,
Сөйлескеннен өн бойым кетті балқып,- деп жауап қайырады Келдібек би. «Жетер. Енді көңілім орнықты. Табашыға да жауап табылар», -дейді әкесі.
Келдібектің замандастары әзілдескенде, осыны алдына тартып, қағытып жүріпті. Бірде олар Келдібектің өз үйінде отырып, соқтыға беріпті. Сонда жас келіншек шапылдап, беттен алмай-ақ сыпайы ғана:
- Көзім қыли, жасырмаймын, ақсақпын,
Келдекеңмен сондай тату жақсы-ақпын,
Татулықтың белгісіндей тамаша
Төрт божанды ұл таппақпын,- депті. Айтқанындай соның артынан Қаз дауысты Қазыбек дүниеге келген екен.
Күлімдейік...Жүргізуші
Сағат жөндеуші клиенттің сағатын алып ашқанында ішінен бір өлі шыбын домалап түседі. Сағат жөндеуші сағатқа бір, шыбынға бір қарап, кейін клиентке қарап: «Мына сағатыңыз бұдан былай жұмыс істемейді» депті. Клиент таңқалып: «Неге, қай жері бұзылыпты?» дейді. Сонда сағат жөндеуші: «Көрмейсіз бе, жүргізушісі өліп қалыпты» деген екен.