Тарих... Сұлтан Бейбарыс (3)
Сұлтан Бейбарыстың Аббаси халифалығын тағайындауынан кейін бұл хабар мұсылман елдері арасында тез тарады. Сұлтандар, хандар және мемлекет адамдары қуаныштарын Әл-Мунтәсир Биллаһ пен Сұлтан Бейбарысқа жіберген құттықтау хаттары мен сыйлықтары арқылы жеткізді және қысқа уақытта бүкіл мұсылман елдермен одақтастық қамтамасыз етілді. Мұсылмандықты қабылдаған Алтын орда ханы Берке де сыйлықтар жіберіп, биат еткендігін білдірді. Сұлтан Бейбарыс Ислам дінін таңдап мәртебеленуімен құттықтап, оны Хулагуға қарсы соғысуға шақырды. Осыдан кейін Алтынорда ханы Берке хан Хулагуға соғыс ашып, Илханлылардың (моңғолдардың) майдан шебі екіге бөлінді. Хулагудың өлімінен кейін орнына христиан әйелінен туған баласы Абака таққа отырды. Анасының христиан болуынан пайдаланып батыстағы христиан күштерімен одақтастық келісімдер жасады. Сондай-ақ күш жинап алу үшін уақыт созу мақсатында 1265 жылы Сұлтан Бейбарысқа елші жіберіп бітімге келуді ұсынады. Бірақ Абаканың шынайы ниетін білгендіктен Бейбарыс одан бастартады. Оны бұлай тоқтата алмайтынын түсінген Абака крестік жорықшылармен бірігіп тағы шабуылдады, бірақ соңы тағы да сәтсіз аяқталып кері шегінуге мәжбүр болды. Бұл жеңістен кейін Сұлтан Бейбарыс Табәрийә, Яфа, Сакуф, Арнун, Антакя, Акка, Әкрад секілді біршама қалаларды өзіне қаратты. Түркімен бектіктерінің көмекке шақыруларын да назарсыз қалдырмады. Караман, Ментеше және Әшрафоғлу түркімендері мен Сәлжуқ көсемдерінің ұсынысын қабылдап 1277 жылы Анадолу жерлеріне жорыққа шықты. 15 сәуір 1277 жылы Әлбистан жазығында моңғолдарды тағы бір рет тізе бүктірді. Бұдан кейін ислам әлемі үшін қауіп төндіріп тұрған моңғолдардың сағы сынып, крестік жорықшылар да беттей алмайтындай халге келіп Мәмлүктердің мерейі асқақтай түсті. (жалғасы ертең...)