Ғибрат... Әйелдің насихаты
Бір замандары бір дәруиш рамазан айында ауызашарға барады. Құптанға жақын үйіне келіп әйеліне дастархан дайындап жіберуін өтінеді. Әйелі: «Сен ауызашардан келген жоқпысың? Дастарханы несі?» дегенінде дәруиш: «Енді қалай десем екен, тамақты көп жесем, “мынау қомағай екен, халис дәруиш емес екен” деп арқамнан айтып жүре ме деп қорқып, көп нәрсе жей алмадым», дейді. Сонда әйелі: «Жарайды, мен дастархан даярлап болғанға дейін, сен ақшам намазыңды оқып ал» дейді. Дәруиш: «Мен ақшам намазымды ол жақта оқып алғанмын» дегенінде әйелі: «Сен арқамнан сөз етеді деп аз жегеніңе қарағанда, арқамнан мақтап жүрсін деп намазыңды ұзатып оқыған боларсың» деген екен. Әйелінің осы ғибратты ескертуінен кейін дәруиш қателігін түсініп, бұдан былай рия дертінен құтылып, халис дәруиш болған екен.
Рамазан сұхбаты...
Ислам ғалымдарының сөздері
1) Адамдарға рахмет айтпаған адам Аллаһу та’алаға шүкір етпеген болады.
2 ) Жетістікке жетудің, табысты болудың шарты - қарапайым, кішіпейілді болу.
3) Хараммен қоректенген денені жаһаннам оты жағады.
4) Мұсылман – қолынан және тілінен ешкімге зияны тимейтін адам.
5) Бұл заман адамдарға мейірімді болу заманы, ашулану заманы емес.
6) Қарсыңдағы кәпір де болса өзіңді одан үстем көрме! Өйткені ертең не болатыны белгісіз. Маңызды болған соңы.
7) Мұсылманға тәкаппарлық, мақтаншақтық жараспайды.
8) Сырат көпірінде алты нәрседен сұралады; иман, намаз, қажылық, зекет, ғұсыл және құл ақылары.