Untitled Document

Өлең... Бақыт геометриясы (2)

Солай, солай... Енді, ақыным, мұнда бұрыл деп мені

Шындық тағы ертіп барды жұпыны үйге шеткері:

- Терезеден қара - деді, жақын тұрып қарадым,

Төрде отырған қос жүбайға түсті кенет жанарым.

Бөлме іші тым қарапайым, ортада ақ дастарқан

Дастарқанға тек қара нан, қос түйір қант тасталған...

Күйеуі айтты: жалақы алдым, ертең базар баралық

Саған, жаным, ерекше әсем көйлек іздеп табалық!

- Көйлегім бар - деді әйелі (қабағына мұң қонды) 

- Бір бешпетпен жүрсің өзің, міне, қанша жыл болды...

(Екеуі де менен бұрын оған шаттық қонса деп,

Алдыменен ол қуансын, оның көңілі толса деп

Бір-біріне сый ұсынып, бірін-бірі жақтады,

Бірін-бірі ардақ тұта ортақ ойға тоқтады.

Көрші аулада баласы өлген жалғыз кемпір бар екен,

Шетсіз, шексіз кең дүние ол сорлыға тар екен.

Бұлар қатар шуақ төге ізетті іске өрісті

Сол кемпірге қыстық киім әперуге келісті.

"Бақыт деген немене бұл, немене екен, немене,

Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?"

Деп қиялдап, өр биіктен көрсетіппіз бекер бой,

Қымбаттым-ау, сөйтсек бақыт қанағатта екен ғой.

Егер бүгін аласарса мекеніңнің шоқтығы,

Оған себеп, қанағатсыз адамдардың көптігі...

О, тәңірім,

Қанағатпен басар болса аптығын,

Мүмкіндік бер қадірлеуге жауымның да шаттығын!

Мұхтар Шаханов




<АлдыңғыКелесі>
ДсСсСрБсЖмСнЖк
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031