Сұхбат... Күнәлар көңілді қарайтады
Күнә істеген адам дүниеде де, ахиретте де үлкен қиыншылықтарға тап болады. Хадис шәрифте: «Күнә істеген кезде көңілде бір қара нүкте пайда болады. Егер тәубе етілсе, ол дақ өшеді. Күнә істеуін жалғастырса, ол дақ үлкейіп көңілді толығымен қаптайды» делінген.
Көңіл қарайған кезде ғибадат ету қиын болады, күнәларды істеу оңайға соғады. Пайғамбарымыз: «Дерттерің - күнәлар, оның емі - истиғфар» деп бұйырған.
Адамдардың басына келетін бүкіл қиыншылықтар күнәларының кесірінен болуда. Истиғфар (әстағфируллаһ) айтқанда, яғни өкініп тәубе еткенінде күнәлар өшеді. Хадис шәрифте: «Өзін күнәлардан қорғамағанды Аллаһу та’ала (дүниеде және ахиретте) пәлекеттерден қорғамайды» делінген.
Күнәдан қашуға тырысатын болсақ, Аллаһу та’ала бізге көмектеседі. Ал күнәға мән бермесек пәлекеттерден құтыла алмаймыз. Хадис шәрифте: «Кісі істеген күнәларының кесірінен ризығынан махрұм қалады» делінген.
Күнә істеген адамның табысында береке болмайды. Өмірі қиыншылық ішінде өтеді. Сондықтан барлық күнәны қауіпті деп білу керек! Күнәні өте қауіпті деп білу имандылықтың белгілерінен. Хадис шәрифте былай делінеді: «Мүмин күнәсын төбесінде тұрған таудай көреді, одан үстіне құлап кететіндей қорқады. Мүнафық болса мұрнына қонған шыбындай көреді, қазір ұшып кетеді деп ойлайды.»
Тағы бір хадис шәрифте: «Күнәдан жиіркенетін және ғибадаттан ләззат алатын адам – шынайы мұсылман» делінді.
Дін ғұламалары да былай деген: «Жақсылар да, жамандар да жақсылық жасай алады. Бірақ тек сыддықтар мен жақсы адамдар ғана күнәдан қашады.»