Мақала... Мода (1)
Бір тентек бастаса, қырық адам соны қоштай кетеді. Моданың қысқаша анықтамасы осы шығар сірә. Кейде осы мода атаулыны біреу бастап беріп, артынша қарап, мазақ қылып күліп отыра ма екен, деген ой келеді...
Мода ма, әлде мата жетпей ме, киімдер күннен күнге тарылып, юбкалар мен шортылар күннен күнге қысқарып жатқандығын білмейтін жан жоқ шығар. Тіпті, аязды күнде де бұтын жалаңаштап жүретіндер не ойлайды екен?! Ертең бала көтере алмай емхана іздеп жүрмесіне кім кепіл?!
Бұты жерге тиіп тұратын шалбарлар шықты. Кейін керісінше бұты тар, белдің жартысында ілініп, түсіп қалайын деп тұратын шалбарлар шықты. Мұндай шалбар кигендерге еңкеюге болмайды. Еңкейсе ұятқа қалады. Бәрін айт та, бірін айт, жыртық шалбар кию модасы бой көтергені бар емес пе?! Итке таланып, киімі жырым-жырым болған адамша көшеде жүрген қаншама адам бар. Бәлкім солай жылы жүретін шығар. Алдар көсенің шапанына ұқсап жел бір тесігінен кіріп, екінші тесігінен шығып кетеді, ғажап емес пе?!
Еркектер де шалбарын тырыстырып кигелі қай заман. Одан қалса қыздармен жарысып шаш өсіріп, қас теріп, боянатын еркектер де пайда болды. Қас демекші бұрындары әйелдерде қас теру модасы бар еді, ал қазір тату арқылы қалың қас салдыру модасы шыққан екен. Анау-мынау емес бармақтай келетін қалың қас салдырып, “энгри бөрдс” ойынындағы құстарға ұқсайтын әйелдерді көретін болдық. Табиғи өзінің қалың қастары барларға уәжіміз жоқ, бірақ мода екен деп лап беретіндерге “мұның не?” деп айтқың-ақ келеді. Бірақ айтсаң бәлеге қаласың... (Жалғасы ертең...)