Сұхбат... Үш рахмет
Сүйікті пайғамбарымыз: «Аллаһтың сүйіспеншілігіне, разылығына қол жеткізгілерің келсе, алдымен оның құлдарының сүйіспеншілігіне, разылығына қол жеткізіңдер!» «Адамдарға рахмет айтпаған, Аллаһқа шүкір етпеген болады.» деген. Яғни бізге біреу жақсылық жасаса, біз рахмет айтпасақ, Раббымызға шүкір етпеген боламыз. Бізге келген ниғметке себепші болған адамға рахмет айтпайынша, сол ниғмет үшін жасайтын шүкірімізді Аллаһу та’ала қабыл етпейді.
Бірінші кезекте ата-анамызға рахмет айтуымыз керек. Өйткені дүниеге келуімізге себепші болған, әр түрлі қиыншылықтарға шыдап, бізді өсірген, бізге бірінші боп дінімізді үйреткен солар. Оларға рахмет айту дегеніміз, олардың көңілдерін алу, қуандыру, дінге сай әмірлеріне мойынсұну, оларға қолымыздан келген барлық жақсылықтарды жасау деген сөз. Ата-анаға қарсы шықпау керек. Дінге қайшы болған әмірлерін бір сылтаулармен жолын тауып орындамау керек. Бірақ қашанда ата-анаға жылы сөйлеу, оларды ренжітпеу керек. Ата-ананың дұғалары қайтарылмайды, міндетті түрде қабыл болады. Олардың разылығын, дұғаларын алу керек. Сүйікті пайғамбарымыз: «Ата-анасының дұғасын алмаған, Аллаһтың разылығына қауыша алмайды» деген.
Екінші орында, бізге жұмыс беріп, материалдық ризқымызға себепші болған адамға рахмет айтуымыз керек. Бізге жұмыс берген адамға қарсы шықпау керек. Нан, суымыздың келуіне себепші адамға қарсы шығу дұрыс емес. Негізінде ризықты беретін Аллаһу та’ала. Күнә істеу және ризқымызға себепші болған адамға рахмет айтпау, ризқымыздың азаюына себепші болады.
Үшінші орында, бізге дінімізді үйреткен ұстазымыздың ақысы. Бұл тек мешіттегі ұстаз емес. Бұл рахмет, әһли сүннет ғалымдарының, Сілсілә-и алийа ұлыларының ақысы. Аллаһу та’ала барлығынан разы болсын! Қолымыздан келгенше дұға және тәсбих айтып, рухтарына бағыштауға міндеттіміз. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ): «Маған бір сөз үйреткен адамның 40 жыл құлы боламын.» деген. Бір әріп, діннің бір үкімін үйреткен адамға 40 жыл құл болса, дінді толығымен үйреткен адамға өмір бойы құл болу да аздық етеді.