Бүгін... Отбасы күні
Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» заңға өзгертулер енгізу жөніндегі Жарлығына сәйкес, қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні болып бекітілді.
Мұндағы мақсат – әрине жанұялық құндылықтарды нығайту. Отбасы адамға бақыт, толық мәнді тыныс -тіршілік әкеледі.
Адамдар қоғам халінде тіршілік етуге мәжбүр. Ал қоғамның ең кішкентай бөлшегі - отбасы. Осы тұрғыдан отбасы қоғамның іргетасы болып табылады. Отбасы - адамдардың туып өсетін, тәрбие көріп жетілетін ұясы. Бұл ұя үлкенді кіші мүшелерінің өмір мектебі және олар бір бірінің білімімен тәжірибесінен пайдаланады. Бұл пайдалану өмір бойы жалғасады.
Хужурат сүресінің он үшінші аятында «Ей адамдар! Біз сендерді бір еркек пен бір әйелден жараттық. Бір-бірлеріңмен танысуларың үшін сендерді ұлттарға, тайпаларға бөлдік» делінеді. Бүгін жер бетінде адамдар түрлі нәсіл, түрлі келбет, түс, түрлі қан тобына бөлінгенімен негізінде бір ата-ананың ұрпақтары. Осы себепті алғаш адам және алғаш пайғамбар Адам алейһиссаламмен Хауа анамыз ең алғаш отбасы болып табылады.
Отбасы берекелі, тату болу үшін сыйластық, мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық қасиеттер әр адамның жүрегінен орын алуы керек. Отбасын құрғанда адам өмірге ұрпақ әкеліп қана қоймай, сонымен бірге оған жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды, ата-бабасының салт-дәстүрін, тілін, дінін жас ұрпақтың бойына сіңіртуі керек. Балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – ата-ананың ең маңызды міндеті. «Отан отбасынан басталады» дейді халқымыз. Елдің, ұлттың, жалпы адамзаттың болашағы, даму деңгейі осы отбасынан басталады.