Сұхбат... Ақылдың өлшемі
Ақылды деп өз пайдасын, зиянын білетін адамға айтылады. Дүниелік табыстарын ойланғандай, ахиреттік табыстарын да ойланатын адам – ақылды. Ең көп дегенде 100 жылдық дүниелік өмірді ойлап, шексіз болған ахирет өмірін ойланбайтын адамға ақылды емес, ақымақ делінеді. Ақылды болу өте құнды. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Ақылды адам – Аллаһқа және пайғамбарға сенген және ғибадаттарын орындаған адам.» (Ибн Мухбәр)
«Ақылды адам – әр тынысын есепке алатын және өлімнен кейінгі өмірі үшін амал ететін адам.» (Тирмизи)
«Ақылды адам нәпсіне ермейді, ғибадаттарын орындайды, ал ақымақ адам нәпсіне еріп, күнә істейді, кейін Аллаһ кешіреді деп үміттенеді.» (Тирмизи)
«Ақылыңды арттыр – Раббыңа деген жақындығың артсын! Харамдардан сақтан, парыздарды орында – ақылды боласың.» (Ибн Мухбәр)
Демек, парыздарды орындап, харамдардан сақтанатын адамның ақылы артады. Харам істеген адамның ақылы азаяды. Бір хадис шәриф:
«Күнә істеген адамның бір ақылы кетеді, кері қайтпайды.» (И.Ғазали)
Олай болса, ақылды болу үшін иман келтіріп, ғибадаттарды орындау және харамдардан сақтану керек. Ғибадаттарды көбейткен сайын иман нұры жарқырайды. Күнә істеген сайын иман нұры сөне бастайды. Күнә істеу көбейген сайын бұл нұр толығымен сөнуі мүмкін. Бір хадис шәриф:
«Күнә істеу – адамды күпірге жетелейді.» (Мәктубати Масумийа 2/110)
Күнә істеген адам кәпір болып қалмайды, бірақ уақыт өте күнәлар жүректі қарайтады, адам күнәларға мән бермейтін болып қалады, бұл жағдай оны кәпір қылуы мүмкін. Осы тұрғыдан үлкен-кіші барлық күнәлардан сақтану керек.