Untitled Document

Бала тәрбиесі... Баланың өтірік айтуы (1)

Баланың өтірік айтуға әдеттенуі келешекте көп келеңсіздіктерге әкелетіні айтпаса да белгілі. Өтірікшілігімен аты шыққан адам елге масқара болумен қатар, айналасындағылардың сенімінен шығады. Қоғамда қадірі болмайды. Сондықтан бұл тақырып - әрбір ата-ананы толғандыратын мәселе. Алдымен баланы өтірік айтуға итермелейтін себептерді жіктеп көрейік: Өзіне көңіл аудартуды қалау. Ата-анасынан көргенін істеу. Ұрыс естуден, сын естуден қашу үшін. (Мыс: «үй жұмысын бермеді немесе орындап қойдым»,- деп өтірік айту). Қасындағыларды таң қалдыру үшін. Жауапкершіліктен қашу үшін. Мақтау есту үшін. Жаза тартудан қашу үшін. Ата-анасының ашуынан қорқу. Өзін мақтау үшін, мықты екенін көрсету үшін. (Мыс: «бәрінен де жақсы жүгірдім»- деу) т.б. 

Енді өтірікке бейімделуіне тосқауыл бола алу үшін нендей мәселелерге көңіл аудару керектігіне аздап тоқталайық. Алдымен ата-ана ретінде өзіңіз адал, дұрыс сөзді болыңыз. Айтқан уәдеңізді міндетті түрде орындаңыз. Балаңыздың өтірік айтқанын сезген жағдайда дереу ашу шақырудан аулақ болыңыз. Неге өтірік айтқанын түсінуге тырысыңыз. Баланың өтірік айтуы негізінде ата-анасына берілген белгі. Бұл оның бір проблемасы немесе қажеттілігі барын көрсетуі мүмкін. Сондықтан баланың өтірік айтқанына емес, “өтірік айтуына не себеп болды?” соған назар аударыңыз. Ата-ана ретінде өзіңіздің ұстанымдарыңыз бен жүріс-тұрысыңызды қадағалаңыз. Тым қатал қағидаларыңыз бар ма? Перфекционистік ұстанымдарыңыз бар ма? Әлде дереу ашу шақыратын, қызба мінезіңіз бар ма? Балаңыз сізден қатты қорқа ма? Балаңызға тым көп сын айтасыз ба? Балаңызды жеткілікті мөлшерде тыңдайсыз ба? Жеткілікті мөлшерде онымен сөйлесесіз бе? (Жалғасы ертең...)




<АлдыңғыКелесі>
ДсСсСрБсЖмСнЖк
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031