Рамазан сұхбаты... Оразаның құны – фидйа
Өте кәрі немесе ауру болғандықтан өмірінің соңына дейін ораза тұта алмайтын кісілер рамазанда ораза тұтпайды, егер бай болса, фидйа береді. Хадис шәрифте былай делінген: «Ораза тұта алмайтындай қарт немесе жазылу үміті болмаған аурулар фидйа береді.» [Нәсаи]
Фидйа – ораза тұта алмайтын дәрежеде қарт немесе жазылмайтын ауруға шалдыққан науқастың әрбір күндік оразасының орнына кедейлерге төлейтін ақысы. Егер өзі кедей болса, фидйа бермейді, орнына дұға етеді. Фидйа үшін бір күндік ораза орнына бір пітір мөлшері ұн беріледі. Бір пітір мөлшері ұн – 1750 гр. Бір айлық оразаның орнына 53 кг ұн беру яки осының құнына тең алтынды бір немесе бірнеше кедейге Рамазанның басында не аяғында беру керек. Фидйаны алған кедей оны өзіне де басқаға да жұмсай алады. Фидйа бергеннен кейін ораза тұта алатын денсаулыққа қауышқан науқас тұтпаған оразаларының қазасын тұтып береді. (Наһр-ул-фаиқ)
Ауру, кәрілік сияқты бір себеппен рамазан оразасын тұта алмаған бай кісілердің бұл жағдайлары өмірбақи жалғасатын болса, кедейлерге ас берілуін өсиет етеді. Мұрагері осы өсиет бойынша оның тұта алмаған әрбір күндік оразасы үшін кедейге фидйа береді.
Рамазан сұхбаты... Кәффарат намазы
Бұл намаз екінтінің сүннеті сияқты төрт рәкат оқылады. «Қазаға қалған және қазасын кешіктірген намаздарының күнәларының кешірілуі үшін кәффарат намазын оқуға» деп ниет етіледі. Оның айырмашылығы әр рәкаттың қиямында Фатихадан кейін 1 Аятил күрси және 10 Кәусар сүресі оқылады. Ал басқа жерлері бірдей. Рамазан айының соңғы жұма намазынан кейін екінді намазына дейін оқылады. Кәффарат намазы және мүбәрәк уақыттарда жасалатын басқа да ғибадаттар, қаза болған парыз намаздардың күнәларының кешірілуі мақсатымен жасалған тәубенің қабыл болуы үшін болып табылады. Әйтпесе қазаға қалған намаздардың қазасы өтелмейінше ешқандай жолмен кешірілмейді. Оразаның кәффараты жасалса да оразаның қазасы өтелген болмайды. Оразаның қазасы бөлек жасалуы керек.