Мәлімет... Атауы өзгерген қазақстандық қалалар (1)
Нұр-Сұлтан қаласы. Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан қаласының іргетасы 1830 жылы қаланған. Бастапқыда әскери бекініс ретінде салынған бұл жер 1862 жылы қала мәртебесін алып, Ақмола деп атала бастады. Жүз жылдан соң қала атауы Целиноград деп өзгерді. Ал, Астана атауы тәуелсіздік алғаннан кейін, 1998 жылы 6 мамырда берілді. Былтыр 2019 жылы 20 наурызда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың атын экс-президент Н. Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертуге бұйрық берді.
Алматы қаласы. Тарихи деректерге сүйенер болсақ Алматы қаласының 2 500 жылдық тарихы бар. Жазба деректерде Алмату деп аталған. Кейінірек Верный бекінісі құрылды. 1921 жылдан бастап қазақ тілді тұрғындар үшін Алматы, орыстілді халық үшін Алма-Ата деп аталды. 1993 жылы ресми заң қабылданып, қала атауы қазақ және орыс тілдерінде Алматы деп бекітілді.
Түркістан қаласы. Қазақстанның рухани астанасы Түркістанның тарихы тереңде жатыр. Қаланың алғашқы қазығы б.з.д 500 жылдары қағылған деседі. 10 ғасырда Шавғар, 12-де Яссы деп аталған. Түркістан қаласы Қазақ хандығы тұсында хандықтың астанасы болған.
Тараз қаласы. Еліміздегі көне шаһарлардың бірі Тараздың алғашқы атауы Әулие-Ата (18 ғасыр) болған. 1936-1937 жылдары Мирзоян деп аталса, 1938 жылы Жамбыл аты берілді. 1993 жылдың 4 мамырында Назарбаевтың шешімімен қала атауы Тараз деп өзгертілді. (Жалғасы ертең...)