Тарих... Невада-Семей қозғалысы
1989 жылдың ақпанында Семейдегі сынақ полигонын жабу үшін басталған ұлы күрестің алғашқы қадамы жасалды. Белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаттығына кандидат Олжас Сүлейменовтың жетекшілігімен «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылды. Алматыдағы көп адам жиналған митингте ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов еліміздің барлық қоғамдық, шығармашылық, діни ұйымдарына Невада штатында (АҚШ) сынақтарға тыйым салу қозғалысын жақтаушыларға Үндеуін оқып, Қазақстанда ядролық сынақтарды тоқтатуды талап етті. Республика халқынан кеңінен қолдау тапқан қозғалыс ядролық жарылыстарға қарсылық білдіріп, әлемдегі ядролық қауіпті жоюды мақсат етті, Семей ядролық полигонында ядролық сынақтарды тоқтатуға қол жеткізді. Антиядролық қозғалыстың күш-жігері арқасында 1989 жылы жоспарланған 18 ядролық сынақ саны 7-ге дейін азайтылды. Ең соңғы ядролық сынақ осы жылдың 19 қазанында жасалды.
Полигонның 40 жылдық тарихында 459 жарылыс жасалды. 1949-1962 жылдары ашық ауада 88 сынақ, жер қойнауында 3 рет бомба жарылды. 1953 жылдың 12 тамызында әлем тарихында алғаш рет термоядролық құрылғы ашық аспан астында сынақтан өтсе, 1955 жылдын 22 қарашасында жер үстінде сутегі бомбасы жарылды. Сондай-ақ, Кеңес елі осы уақыт аралығында ядролық заряды бар 6 құрылғыны жеті қат көкке жуық жоғары биіктікте сынақтан өткізіп үлгерді. Ал, жер қабатындағы тік ұнғымалар мен көлбеу туннельдерде 340-тан астам сынақ жүзеге асырылды. Одан 1.5 миллион адам зардап шекті. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы Жарлығы – 1991 жылдың 29 тамызы күні шықты. Сөйтіп тиянақтылық пен табандылық танытқан қазақ халқы өз мақсатына жетті.