Тарих... Сұлтан Бейбарыс (2)
Мұсылман түркі қалаларын қырып, жайпап келе жатқан Хулагудың басшылығындағы моңғолдар 1258 жылы Бағдадты басып алып мұнда да әдетінше қанды қырғын орнатты. Соңғы Аббаси халифасы Муттасым Биллаһты бала-шағасы, бүкіл әулетімен қырып салған болатын. Аллаһу та’аланың хикметімен бір шахзада бұл қырғыннан аман қалған еді. Толық есімі Әбул Қасым Ибнул Бәракат Ахмед бин Захир Әл-Мустансир Биллаһ. Отыз бесінші Бағдат Аббаси халифасы Захирдің ұлы және отыз алтыншы Бағдат Аббаси халифасы Мустәнсирдің бауыры болатын. Өзінің кім екенін жасырып Каирде жылдап өмір сүреді. Бір жұма күні намазға бара жатып кездейсоқ шахзаданы көрген Сұлтан Бейбарыс оның жарқын жүзіндегі тектілікті байқап кім екенін сұрайды. “Қарапайым саудагермін” деген жауабы оны қанағаттандырмады. Кім екенін айтуын қайта талап еткенінде шахзада Ахмет шынын айтуға мәжбүр болады. Сұлтан Бейбарыс оны дереу қамқорлығына алып, ұзақ уақыт сарайда қонақ етті. Шахзаданың рұқсатын алып, 1261 жылы халифалық мақамын жаңадан тағайындады. Бейбарыстың бұл әрекеті арқылы ислам әлемінде ғасырлардан бергі рухани маңыздылыққа ие халифалық мәртебесінің қайта орнауымен бірге Аббаси әулетінің жойылуының алды алынған болды. Сондай-ақ өз еліне және ислам әлеміне үлкен рухани серпініс берді. Халық мұны ерекше қуанышпен қабылдады. Өйткені тегі пайғамбарымызға сүйенетіндіктен Аббасилерге қашанда құрмет етілетін. Тіпті соңғы жылдардағы молшылықты оның қалада болуына балап Ибнул Берекет есімін атап оған биат етілді, есімі хұтбада аталатын болды. Атына ақша басылды. Бірақ халифалық символикалық түрде еді. Үкімет істері толығымен Бейбарыстың қолында болды. (жалғасы ертең...)