Сұхбат... Ширк деген не?
Мұсылмандар Аллаһу та’аланы бүкіл субути және заттық сипаттарымен танып, "илаһ" ретінде қабылдайды. "Илаһ" - құдай деген сөз. "Аллаһтан басқа құдай жоқ" деп әр намазда қайталаймыз және бұл мәселеде иманы ең әлсіз болған мұсылманның да күмәні жоқ. Ал енді "ширк" немесе "серік қосу" дегеніміз – Аллаһтың жұмыстарында оған көмектесетін, Оның орнына тілектерді беріп жіберетін, Оның орнына қалағанын жаратып бар не жоқ қылатын басқа бір тірі-өлі, жанды-жансыз затты да құдай орнына шығару деген сөз. Яғни бір нәрсені құдай ретінде көріп, оны Аллаһтан басқа құдай деп қабылдау ширк болады. Өзін мұсылман санайтын ешбір адам мұндай тентектікке бармайды. Мәселенің анық-қанығын білмей тұрып, көрінген нәрсеге ширк, күпір, бидғат деп лай шапқылай беруден аулақ болу керек. Қазіргі таңда мұндай әрекеттер ең көп мазһабсыздардан (уаххаби, сәләфилерден) шығуда. Фитнаға себеп болуда. Ондай адасқандардан аулақ болу керек. Мұндай адасқандар өздерінен басқаның бәрін кәпірге санап, жау қылып көрсетеді. Көрінген нәрсені ширк, күпірге балап, ананы баладан, бауырды бауырдан айырып, ата-баба, әдет-ғұрып, отан ұғымдарын ширк деп атап, адамды рухани құндылықтардан жұрдай етеді. Сыртқы жаулар осындай адасқандарды пайдаланып елде іріткі, бүлік шығаруды көздейді.
Қате түсініктер көбінесе сауатсыздықтан, яғни өмірінде әһли сүннет кітабын оқымаған, біреулерден естіген бір-екі ауыз арапша сөз жаттап алып халықты бұзатын дүмшелердің сөзіне еруден туындайды. Сондықтан дінін әркімнің аузынан емес, әһли сүннет кітаптарынан оқып үйрену керек.