Untitled Document

Әдеп-ахлақ... Сөз таластыру

Кез-келген мәселеде үнемі өзінікі дұрыс екенін дәлелдеу үшін алдындағы адамның көңіліне ауыр тиетіндей сөздер айту, ренжіту – жаман қасиеттердің бірі. Мұндай қасиеттерге сөз таластыру, айтысып-тартысу, салғыласу, дауласу делінеді.

Сөз таластыру, дауласудың көптеген зияндары бар. Өзгенің сөзін қабылдамай, үнемі “Жоқ, олай емес!” деп салғыласуды әдетке айналдыру – ең жаман мінез. Мұндай мінездер өзгелерден өзін жоғары санайтын адамдардың бойында көбірек кездеседі. Сөз таластырудың зияндары жайлы хадис шәрифтерде былай делінген:

«Сөйлесіп жатқанда сөз таластырмайтын және бос сөз сөйлемейтін адамға жаннатта бір сарай салынады. Өзінікі дұрыс болса да үндемеген адамдарға да бір сарай салынады.»

«Өзінікі дұрыс болса да салғыласудан бас тартпайынша ол кісінің иманы толық болмайды.» 

Демек, бұл хадис шәрифтерде білдірілген әмірге мойынсұну үшін бір адамның қандай да бір мәселеде өзінікі дұрыс болса да сөз таластыруы, дауласуы жақсы емес екен. Сонымен қатар, орынсыз жерде кісі айыбын бетіне басу да харам. Өйткені оның айыптарын бетіне басып айтумен оны ренжіткен, көңіліне қаяу түсірген боламыз. Өзгелерді бостан-босқа ренжіту жаиз емес. Дінімізде осы сияқты жағдайларда біреудің айыбын, кемшілігін айту парыз емес. Ондай кездерде үндемеу иманның кемелділігін көрсетеді. Егер сөзімізді тыңдайтынын, құптайтынын білетін болсақ, насихат жолымен түсіндірген жөн. Ал егер тыңдамайтын, қасарысатын адам болса, үндемеген жөн.  

Осы жайындағы хадис шәрифте былай делінген:

«Адасқан қауымдардың барлығы дін мәселесінде бір-бірлерімен таласып-тартысқаны үшін адасқан.» 

Сөз таластыру – достардың достығын азайтады, дұшпандардың дұшпандығын арттырады. Адамдармен сыйыса алмау, таласып-тартысу және жанжалдасуға дінімізде тыйым салынған. Хазреті Мәлик бин Әнәс былай дейді: «Таласып-тартысудың, дауласудың дінімізде орны жоқ. Таласып-тартысу жүректі қатайтады. Кекшілдік, жеккөрушілік сияқты жаман мінездерді тудырады.» Адамдармен дауласып, сөз таластырып жүретін адам қадірсіз болады. Мұндай адамдарды ешкім жақсы көрмейді және оның достары да болмайды.




<АлдыңғыКелесі>
ДсСсСрБсЖмСнЖк
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031