Ғибрат... Кіріңдер иттер
Ертеде Яссы қаласына жақын жерде халқының көбі шоқынғандардан құралған Сауран ауылы бар еді. Бұлар мұсылман болған Яссы халқына және әсіресе хазреті Қожа Ахмет Яссауиге қатты дұшпандық ететін еді. Ахмет Яссауидің ұлылығы, кереметтері жан-жаққа тараған сайын және оған байланған адамдардың саны көбейген сайын саурандықтардың мазасы қашады.
Бір күні олар хазреті Яссауиге жала ұйымдастырады. Өз ара келісіп, Ахмет Яссауиді ұрлықпен кінәлауды ұйғарады. Бір сиырды ұрлап сойып, бөлшектеп түнде жасырын барып Қожа Ахметтің медресесінің ауласына тастап кетеді. Хазреті Сұлтаннан басқа ешкімнің бұдан хабары болмайды. Ертеңіне саурандық христиандар бұл сиырды іздеген сыңаймен бүкіл қала халқын жинап медресенің алдына келеді. Есік алдындағы шәкірттерге сиырларын іздеу үшін медресенің бақшасына бір қарамақ болғандарын айтады. Хазреті Сұлтан олардың бұл опасыздықтарына қатты ренжиді де «Кіріңдер иттер! Кіріңдер төбеттер!» дейді. Жала соққандар бір-бірден босаға аттап медресенің ауласына кіре береді. Яссауи хазреттің ренжуінің дүниедегі аз ғана жазасы ретінде кіргендердің барлығы итке айналады да өздерінің алдын ала тастап кеткен еттерін тауып, жеп бітіреді. Мұны көрген халайық медресе табалдырығынан аттай алмай қадалып қалады. Бәрі бірдей хазреті Сұлтанға жалбарынып, тізе бүгіп кешірім сұрай бастайды. Яссауи бабамыз мейірім етіп кешірім бергенінде әлгі итке айналған жалахорлар қайтадан бұрынғы қалыптарына келеді. Бірақ қиянаттарының, опасыздықтарының ізі ретінде бәрінің денелерінде ит құйрығына ұқсас бір белгі қалады. Тіпті бұл белгі ұрпақтарына да өткен деседі...