Денсаулық... Дәрумен жетіспеушілігінің белгілері
Терінің бозаруы. Қыс бітіп, көктем келгенде ешбіріміз күнге күйген теріміздің сұлулығымен мақтана алмаймыз. Ал бірақ теріңіз тым бозарып кетсе, мұндай белгі В12 дәруменінің жетіспеушілігін аңғартуы мүмкін. Бұл дәруменсіз біз өзімізді жабырқаңқы әрі шаршаңқы сезінеміз. Ал оның орнын толтыру үшін, ет және теңіз өнімдерімен жиі ауқаттаныңыз.
Шаштың құрғауы. Құрғақ, сынғыш, қайызғақты шаш биотин, яғни В7 дәруменінің жетіспеушілігін білдіруі ықтимал. Ағзадағы мұндай өзгеріс әдетте антибиотиктер қабылдағаннан кейін байқалады. В7 дәруменінің ағзадағы мөлшерін арттыру үшін, ет, балық, көкөністер мен жемістер, саңырауқұлақ, бұршақты өнімдермен тамақтаныңыз.
Көздің ісуі. Егер көзіңіз және аяқ-қолыңыз ісінсе, ағзаңызға йод жетіспеуі мүмкін. Ал көпшілікке кең тараған йод көзі – йодталған тұз. Сонымен қатар йод теңіз өнімдерінің, сүт өнімдерінің және нанның құрамында кездеседі.
Еріннің түссізденуі. Бозарған ерін ағзадағы темір жетіспеушілігінен белгі беруі ықтимал. Егер жиі тұмауратып, қан қысымыңыз төмен болса, бұл белгілер жоғарыдағы диагнозды қуаттай түседі. Десе де темір жетіспеушілігінен арылу қиын емес. Ол үшін жиі етпен ауқаттанып, құрамында кальций көп мөлшерде кездесетін тағамдардан уақытша бас тартқаныңыз жеткілікті.
Қызыл иек қанауы. Қызыл иектің қанауымен байланысты қиындық – ағзаңызға С дәрумені жетіспеушілігінің белгісі. Оның ағзадағы мөлшерінің төмендеуі иммунитеттің әлсіреуіне, бұлшық ет және сүйек ауруларына, тіске байланысты қиындықтарға алып келеді. С дәрумені цитрусты жемістер мен қызыл бұрыш құрамында көптеп кездеседі.
Жоғарыда аталған сырқат белгілері жанама белгілер және егер бойыңыздан аталған нышандардың біреуін байқасаңыз, нақты диагноз қою үшін дәрігерге қаралған абзал.