Өлең... Бақыт геометриясы (1)
"БАҚЫТ деген немене бұл, немене екен, немене
Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?"
Бәлкім Бақыт байлық па екен сараңдықтан бас алған,
Жомарттығы өзгелердің ырысынан жасалған.
Талайларға байлық жинау болса дағы бас арман,
Кейде Бақыт байларға да қолын бермей қасарған.
Әлде Бақыт сұлулық па, олай дейін десем мен,
Сұлулар жүр бай аяққа кілем болып төселген...
Әлде Бақыт билік пе екен қылыш мүдде ұстаған,
Тіпті қайсар қырандары рұқсатсыз ұшпаған,
Жағымпазы сырт көздерді шошындырып сұрқымен,
Бастығының көн етігін шөткелеген мұртымен.
Шын парасат иелері бірақ оған бармаған,
Олар өзін жаудан бұрын жағымпаздан қорғаған.
Иә, биліктің қадамы тоқ, қамалы жоқ алмаған,
Кей қасқалар биліктен де бақыт таппай сорлаған.
"Бақыт деген немене бұл, немене екен, немене
Көрсет маған, құшақтайын, көтерейін төбеме"
Деп едім мен, дәл сол сәтте ойы, бойы сымбатты
Әбден қажып, шашы ағарған ШЫНДЫҚ келіп тіл қатты:
- Бақыт дәйім санасы мен ұғымында әркімнің
Қанша ғасыр осыны елге ұқтыра алмай сарқылдым.
"Қане менің соңымнан ер... Мынау үйге қарашы
Нақ осы үйде жүріп жатыр Бақыт пен Сор таласы.
Үй иесі - жас жұбайлар тілек, ойы қосталған,
Билік, байлық қатар қонып, иықтымен дос болған.
Бірін-бірі сүйгенімен көңілдері тобасыз,
Тобасыздың есігінен кірген ырыс бағасыз.
Келген әрбір жақсылыққа игіліктің басы деп
Шын жүректен қуана алмау - ең қауіпті қасірет
(жалғасы ертең)