Ғибрат... Бес дәрі
Бір патша уәзіріне ашуланып, оны зынданға отырғызып, тек қана қара нан мен су берілуін әмір етеді. Күндер ұзап бара жатқанға қарамастан уәзірдің шағымданбай мойынсұнып отырғанын байқаған патша зынданға барып уәзірді алдына алып келуді бұйырады. Жегені тек қара нан, ішкені қара су болса да, уәзірдің наразылық көрсетпей қалайша сабыр сақтай алғанын білгісі келеді. Зындандағы уәзірі:
- «Мәртебелім, менің бес дәрім бар, соларды ішіп жүрмін»,- дейді. Патша «қара наннан басқа ешнәрсе берілмесін» деген әмірін көмекшілері орындамағанына қатты ашуланады. Уәзірге:
- «Қайда ол дәрілер? Көрсет маған!»- деп бөседі. Сонда Уәзір:
- Бірінші дәрім – тәуекел! Яғни, Аллаһқа иман етіп, істерімді Оған тапсырдым.
Екінші дәрім – тағдырға ризашылық «Жазмыштан озмыш жоқ». Маңдайыма жазылғандардың бәріне көніп еш шағымданбаймын.
Үшінші дәрім – сабыр.
Төртінші дәрім – қанағат! Жағдайы менікінен де жаман болғандарды ойлаймын да, шүкір етемін.
Бесінші дәрім – үміт! Қайткен күнде де бір күні бұл зынданнан шығатыныма үміттімін, - деп бес дәріні айтып, патшаны аң-таң қалдырған екен.
Күннің тарихы...
Бірінші Дүниежүзілік Соғысы
Бірінші дүние жүзілік соғыс (28 шілде 1914 – 11 қараша 1918) адамзат тарихындағы ең кең ауқымды соғыстардың бірі.
Соғыс нәтижесінде төрт империя – Осман империясы, Ресей империясы, Австрия-Венгрия империясы және Германия империясы жойылды. Бірінші Дүниежүзілік соғысқа Еуропа құрлығынан бастап, дүниенің бес құрлығынан көптеген мемлекеттер қатысқан және материалдық зардаптармен қоса 12 миллионға жуық адам өліп, 55 миллионға жуығы жараланған.