Сұхбат... Дұғаның маңызы
Дұға – Аллаһу та’аладан тілеу, сұрау деген сөз. Адамның өзі үшін немесе өзге біреу үшін тілегеніне, сұрағанына қауышу мақсатында Аллаһу та'алаға жалбарынуы деген сөз. Аллаһу та’ала дұға етіп жүретін мұсылман құлын жақсы көреді. Дұға етпейтін құлына ашуын түсіреді. Дұға – басқа келген бәлені қайтарады, келмегенінің келуіне тосқауыл болады. Өйткені, пайғамбарымыз: «Дұға – бәленің алдын алады» деген.
Дұға ету – намаз, ораза сияқты ғибадат. Аллаһу та’ала: «Маған ғибадат жасауды қаламағандарды қор және масқара етіп, жәһаннамға тастаймын» деген. Аллаһу та’ала барлық нәрселерді себеппен жаратуда, ниғметтерін себептер арқылы жіберуде. Сол секілді зияндарды, дерттерді кетіру үшін және пайдалы нәрселерге қауышу үшін дұғаны себеп қылған. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Дұға – ғибадаттың ең асылы және нағыз өзі. Аллаһу та’аланың дәргейінде дұғадан өтімді және құнды нәрсе жоқ. Дұға 70 түрлі бәленің алдын алады. Өмірдің берекесін арттырады.»
«Қаза тек қана дұғамен қайтарылады.»
Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Аллаһу та’алаға күнә істемеген тілмен дұға етіңдер!» дегенде, сахабалар ондай тілді қайдан табуға болатынын сұрады. Сонда пайғамбарымыз: «Бір-бірлерің үшін дұға етіңдер! Өйткені, сен біреудің немесе біреу сенің тіліңмен күнә істемейді» деді.
Дұға таза ниетпен, шын көңілмен жасалу керек. Аллаһу та’ала: «Маған халис (таза) көңілмен дұға етіңдер! Сондай дұғаларды қабыл етемін» деген.