Ғибрат... 100 Салауат
Осман патшасы Явуз Сұлтан Сәлим ханның заманында қатты қарызданып, мүшкіл жағдайға түскен кедей кісі патшаның алдына келеді. «Сұлтаным маған бір қалта алтын береді екенсіз, соны алуға келдім» дейді. Сәлим хан: «Берейін, неге бермеске, тек себебін айтсаң болғаны» дейді. Сонда әлгі кісі: «Мен 63 жасар Ыстанбұлдың тұрғынымын. Кезінде бай болатынмын. Бірақ бір замандары басыма түскен қасірет салдарында мал-мүлкім, барлық жиған тергенімнен айрылдым. Қарыз деген нәубеттен құтыла алмай қойдым. Кеше тәһәжжүд намазын оқып: “Йа, Раббым! Қартайған шағымда мені жұбайымның, бала-шағамның, достарымның алдында масқара ете көрме! Дерт жіберетін де Сенсің, дертті кетіретін де Сенсің! Мына мүшкілден мені құтқара көр!” деп дұға еттім. Түсімде Расулуллаһ алейһиссалам келіп: “Әй Махмұд, қамықпа балам! Ертең сарайға бар да, біздің Сәлимге менен сәлем айт, саған бір қалта алтын берсін. Егер себебін сұраса, күнде 100 салауат шәриф оқып менің рухыма бағыштап жүрген еді, кеше соны оқуды ұмытты. Оқымаған салауаттарының құрметіне сені қуантсын” деді.» Сәлим хан дереу бір қалта алтын беріп: «Тағы да айтасыз ба не деді пайғамбарымыз?» дейді. Махмұд ата айтқанын қайталайды. Сәлим хан тағы бір қалта алтын беріп, пайғамбарымыздың не дегенін тағы қайталауын өтінеді. Осылай 17 қалта алтын бергенінде уәзірі Хасан Жан: «Сұлтаным, Махмұд ата әкелген хабарының арқасында қуанышты болды. Алған хабардың арқасында сіз де қуандыңыз. Енді Махмұд атаны үйіне қайтарайық, қиналған жағдайда тағы келер, не дерсіз тақсыр.» дейді. Хасан Жан қарт кісіні шығарып салып келгенінде патша сәждеде еді. Басын көтеріп былай дейді: «Естідің бе, Хасан? Расулуллаһ “біздің Сәлим” депті. Мың да бір шүкір. Бізді осындай мәртебеге қауыштырды. Пайғамбарымыздың осы бір ауыз сөзі үшін алтын ғана емес, бүкіл патшалығымды пида етуге даярмын.»