Күннің тарихы... Ибраһим бин Әдхам
Бәлһ патшасының немесе қызының ұлы. Әкесінің аты Әдхәм. Хазреті Омар әл-Фаруқтың нәсілінен болады. Шамда Чәштийа әулиелерінің ұлыларынан. 779 жылы қайтыс болған.
Қызметшінің берген сабағы: Ибраһим бин Әдхәм хазреттері ханзадалығы кезінде бір күні бөлмесіне кіргенінде, төсегінде қызметшісінің жатқанын көріп ашуланып, жаза ретінде оны ұрғызады. Қызметшісі таяқ жеген сайын күле береді. Себебін сұрағанда, қызметшісі: “Бөлмеңізді тазалап жүріп төсегіңізге бір рет жатқаным үшін осыншама таяқ жеп жатырмын. Ал сіз қаншама жылдан бері осы төсекте жатасыз. Ахиретте халіңіз не болады екен, деп күліп жатырмын”,- дейді. Бұл сөзден әсерленіп Ибраһим бин Әдхам хазреттері лауазымын тәрк етіп, әулилерден болды.
Басқалардан сұра: Ибраһим бин Әдхам хазреттері бір кісімен дос болады. Бұл достықтары біраз уақыт жалғасады. Бір күні жағдайларға байланысты жолдары бөлінуге тура келген кезде досы: “Қанша уақыт дос болдық. Бір айыбымды көрген болсаң айт, екінші рет оны қайталамайын”,- дейді. Ибраһим бин Әдхам: “Бауырым, сенен ешқандай айып көрген жоқпын. Мен саған әр дайым құрмет, достық көзімен қарадым. Сондықтан сенен тек жақсылық көрдім. Сенен көргендерім әрқашан жақсы нәрселер еді. Егер айып іздесең, басқалардан сұра”,- дейді.
Білгенімен амал ету: Бір күні Ибраһим Әдхам хазреттері жолда кетіп бара жатып, ерекшеленіп тұрған тас көреді. Тастың үстіндегі: “артқы жағын оқы!” деген жазу көзіне түседі. Артын айналдырып қарағанында: «Егер үйренген біліміңмен амал етпейтін болсаң, не үшін басқа ілімді үйренуге тырысасың?» деген жазуды көреді. Бұл жазу оған қатты әсер етеді. «Йа, Раббым! Сені таныған адамның өзі, лайықты түрде тани алмаған. Ал сені білмейтін адамның халі қандай болмақ?» - деп жылайды.