Бүгін... Астана күні
2008 ж. маусымның 23-інде Парламент Сенаты «Мерекелер туралы» заңға толықтыру енгізетін заң жобасын қабылдады. Ол бойынша 6-шілде – Астана күні мемлекеттік мереке болып белгіленді. Оның себебі, 1994 жылы дәл осы күні Алматыда ел Парламенті елорданы Алматыдан Астанаға көшіру туралы қаулы қабылдаған болатын. Осы Қаулыға сүйене отырып, 6-шілде Астана күні деп жарияланды. Бұл күн еліміздің жаңа тарихының жарқын беттерінің ашылуын, прогресс пен демократия жолынан айнымайтынын, ең бастысы, мемлекеттілікті мәңгі етуді бейнелейді. Сондай-ақ бұл күн елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің туған күні. Астана республикамыздың саяси және әкімшілік орталығы, Ата Заңның түпнұсқасы, Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның эталондары тұрған жер. Отырыста заң жобасы бірауыздан мақұлданды. Қабылданған заңға Мемлекет Басшысы қолын қойып бекітті. Заңның толық мәтіні ресми ақпарат баспасөз құралдарында жарық көрді.
Астана Алматының орнына Қазақстан Республикасының астанасы болып 1997 жылдың желтоқсанында жарияланған еді. Келесі жылдың жаз айында республиканың жаңа астанасының ресми тұсаукесері болып өтті. Және 2008 жылдың 6-шілдесінде Астана өзінің 10 жылдығын атап өтті.
Астананы көшіру туралы идея елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтікі. Елбасымыз жоқ жерден үлкен қала салдырды. Астана – қазақ халқының мақтанышына айналды. Дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келгендердің барлығы тамсанып, таңғалып тамашалайтын қала. Сондықтан, басты мерекелік шаралар Президенттің туған күні-6 шілдеде аталынып келеді.
Бұл күн Қазақстанның барлық қалаларында мерекелік іс-шаралармен аталып өткеріледі. Бүкіл Қазақстандық отандастарымызды шырайлы да сымбатты ел ордамыз Астана күнімен құттықтаймыз!