Күннің тарихы... Қажы Мұқанның 150 жылдығы (1)
Қажы Мұқан Мұңайтпасұлы - Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген Қажы Мұқан бабамыз. Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы! Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған. Ол кезде империяның буына семірген Ресей күресінің қожайындары қазақты шын мәнінде менсінбеуші еді. Қажымұқан сондай ортада намысын жатқа берген жоқ. Кеудесін ешкімге бастырмады. Күрес қожайындарының, төрешілердің сан мәрте әділетсіздігіне белі бүгілмеді, еңсесі түспеді.
Тарихи деректерге сүйенсек ол 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел деген ауылда дүниеге келген. Кейбір зерттеулерде, оның 1886 жылы туғандығы айтылады. Қажымұқан кедей шаруаның баласы болғандықтан, орыс байларына және дәулетті адамдарға жалданған. Сөйте жүріп, күреске түсіп, той томалақтарда елге көрініп, бала балуан деген атқа ие болған. Қажымұқанның тұңғыш рет әлемдік деңгейде көрінген шағы - 1906 жыл. Алманияда өткен дүниежүзілік сайыста ол әлем чемпионы атанады. Бірақ орыс әкімшілігіне бұратана халықтың атын шығарған палуан онша ұнай қоймайды. Сол үшін де Қажымұқан орыс палуандарының атымен күресуге мәжбүр болды. Қажымұқанға неше түрлі лақап аттар беріледі. (Жалғасы ертең...)