Untitled Document

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев (17 мамыр 1953 жылАлматы) — Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы, Қазақстан Республикасының бұрынғы премьер-министрі (1999-2002), Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы (2013-2019). 2019 жылдың 20-шы наурызынан бастап Қазақстан Республикасының президенті.

Әкесі Тоқаев Кемел Тоқайұлы (1923-1986), Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі қазақ жазушысы болған. Анасы Тұрар Шабарбаева (1931-2000), Алматы шет тілдер педагогикалық институтында жұмыс істеген.

1970 жылы Қ-Ж. Тоқаев КСРО Сыртқы істер министрлігі Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына түсті. 5-курста КСРО-ның ҚХР-дағы Елшілігіне диплом алдындағы жартыжылдық машықтамаға жіберілді.

1975 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа кірісіп, Сингапур Республикасындағы кеңестік елшілікке жолданды. 1979 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің аппаратына қайта оралып, 1983 жылы Пекин лингвистикалық институтындағы 10 айлық тіл курстарына қатысу үшін Қытай Халықтық Республикасына аттанды. Одан бөлек тәуелсіздікке дейін талай қызметтер атқарды.

2019 жылы 19 наурыз күні Назарбаев халыққа үндеуі арқылы өзінің ҚР Президентінің өкілеттігін өз еркімен тоқтататынын мәлімдеді. Мұндай жағдайда ҚР Конституциясына сәйкес, ҚР Президенті болып Сенат Төрағасы тағайындалады. 20 наурыз күні Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президентінің міндетін атқарушы ретінде ант қабылдады. Ант қабылдау рәсімінде Тоқаев өзінің алғашқы жарлығымен Н.Назарбаевты Халық қаһарманы мен Еңбек ері атақтарымен марапаттады. Сонымен бірге, Астана атауын Нұр-Сұлтанға ауыстырып, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының орталық көшілерін Назарбаевтың атымен атауды ұсынды.

2019 жылғы 12 маусымдағы ант қабылдау кезінде сөйлеген сөзінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатыны жөнінде мәлімдеді. Билік пен қоғамның арасындағы диалогқа шақырды.